International Mathematics Physics And Computer Science Teachers and Trainers Olympiad

Міндеттер

Математика, физика және информатика пәндерінің мұғалімдері мен олимпиадалық резерв жаттықтырушыларының халықаралық шығармашылық байқауы туралы ереже

1. Жалпы ереже

  1. Осы Ереже меншік нысанына қарамастан орта білім беру ұйымдарының барлық түрлерінің, сондай-ақ білім беру орталықтарының математика, физика және информатика пәндерінің мұғалімдері мен олимпиадалық резерв жаттықтырушыларының халықаралық шығармашылық байқауын (бұдан әрі – Байқау) ұйымдастыру және өткізу тәртібін, оның әдістемелік-ұйымдастыруын қамтамасыз етілуін, байқауға қатысудың және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтаудың тәртібін, оны ұйымдастырушылық-әдістемелік қамтамасыз етілуін белгілейді.
  2. Осы ережеде келесі ұғымдар қолданылады:

1) олимпиадалық резервтің жаттықтырушылары (бұдан әрі – жаттықтырушылар) – жалпы білім беретін пәндер бойынша білім алушыларды олимпиадаларға дайындау бойынша факультативті курстарда сабақ беретін, білім беру мекемелерінің штаттағы немесе тартылған ұстаздары;

2) лига – Байқау қатысушыларын бір-бірімен қиылыспайтын шағын топтарға бөлу.

  1. Байқауды жыл сайын «Республикалық физика-математика мектебі» (бұдан әрі – РФММ) коммерциялық емес акционерлік қоғамы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп өткізеді.
  2. Байқаудың негізгі мақсаты дарынды, шығармашылықпен жұмыс жасайтын, кәсіби құзыреттіліктерді оңтайлы игергенін көрсете алатын мұғалімдер мен жаттықтырушыларды анықтау, оларды қолдау және марапаттау болып табылады.

 

2. Байқаудың қатысушылары

  1. Байқау әрбір пән бойынша екі лигада өтеді:

бірінші лига – меншік нысанына қарамастан орта білім беру ұйымдарының барлық түрлерінің мұғалімдері;

екінші лига – жаттықтырушылар.

  1. Бірінші лигаға жаттықтырушылар болып жұмыс істемейтін мұғалімдер ғана қатыса алады және ол мұғалімдердің апталық жүктемесі 18 сағаттан кем болмауы керек.
  2. Байқауға Қазақстаннан және шет елдерден командалар шақырылады. Қазақстан Республикасының атынан облыстық білім беру мекемелері, сондай-ақ Алматы қ., Астана қ., Шымкент қ. білім беру басқармалары, «РФММ» КеАҚ, «НЗМ» ДБҰ ұйымдары ұсынған мұғалімдер мен жаттықтырушылар қатысады.
  3. Әрбір команданың құрамына 3 қатысушы кіреді: математика, физика және информатика пәндерінен 1 қатысушыдан. Толық емес құрамдағы командаларға қатысуға рұқсат етіледі.
  4. Байқауға қатысу ерікті және жасырын болып табылады. Әрбір қатысушыға жеке код беріледі, ол бойынша қатысушы өзінің нәтижелерін біле алады. Байқаудың тек жеңімпаздары мен жүлдегерлері жарияланады.

3. Байқаудың кезеңдері мен мазмұны

  1. Байқау РФММ негізінде Математика, физика және информатика пәндері бойынша халықаралық Жәутіков олимпиадасы өткізілетін кезеңде өткізіледі.
  2. Байқау бір турдан тұрады.

11.1. Бірінші лига (мұғалімдерге арналған) турының тапсырмалары екі блоктан құралады: әдістемелік және практикалық. Практикалық блокта қатысушылардың өздері орта мектептің курсы бойынша математика, физика және информатика пәндерінің бағдарламалық материалы бойынша ұсынылған есептерді шешеді.

11.2. Екінші лига (жаттықтырушыларға арналған) турының тапсырмалары екі блоктан құралады: әдістемелік және олимпиадалық. Олимпиадалық блокта қатысушылардың өздері ұсынылған есептерді шешеді, олардың кейбіреулерінде әр түрлі шешімдердің анағұрлым көп нұсқаларын ұсыну керек (әр түрлі ойларды пайдаланатын, сондай-ақ бір ойды әр түрлі техникалық түрде жүзеге асыратын тәсілдер әр түрлі болып саналады).

11.3. Әдістемелік блоктың тапсырмаларында қос лиганың байқауға қатысушыларына есептердің «дайын шешімдеріндегі» және бағдарламалардың бастапқы кодындағы қателерді табу ұсынылады. Қателер тұжырымдамалардың берілуінде, сондай-ақ олардың дәлелдемелерінде (шешімдерінде) болуы мүмкін, бағдарламалардың бастапқы кодтарында синтаксистік қателер де болуы мүмкін, сондай-ақ белгілі бір кіріс мәліметтері жағдайында қате орындалуы мүмкін. Егер тұжырымдама дұрыс болған жағдайда, дәлелдемеде (шешімде) қателерді көрсету қажет және дұрыс дәлелдемені (шешімді) келтіру керек. Егер тұжырымдама қате болса, оның себебін түсіндіру қажет және келтірілген дәлелдемеде (шешімде) қателерді табу керек. Бастапқы кодтарда синтаксистік қателер болған жағдайда, оларды түзету қажет. Егер бағдарлама жалпы жағдайда қате жұмыс жасаса, онда қатені көрсетіп, мүмкіндігінше оны түзету қажет.

11.4. Екі блоктың тапсырмаларын шешу 4 сағатқа созылады.

 

4. Байқауды ұйымдастыру

  1. Байқауды дайындау және өткізу бойынша ұйымдастыру жұмыстарын жүзеге асыру үшін ұйымдастыру комитеті құрылады.
  2. Ұйымдастыру комитеті Байқауды дайындауды және өткізуді тікелей басқарады, қазылар алқасын бекітеді, Байқаудың қорытындыларын шығарады және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттайды.
  3. Байқауға қатысу үшін 2018 жылдың 20 желтоқсанына дейінгі мерзімде ұйымдастыру комитетіне нысан (Қосымша) бойынша өтінімді электронды түрде gulnur.aubakirova@fizmat.kz мекен-жайына жіберу қажет, тел.: +7(705)118-02-91

 

5. Байқауды қорытындылау

  1. Байқаудың барлық қатысушыларына қатысу туралы сертификат беріледі.
  2. Байқаудың нәтижелері бойынша қазылар алқасы Байқаудың әрбір лигасы үшін жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтайды. Ең көп ұпай жинаған қатысушылар (әрбір лига бойынша бөлек) Байқаудың жеңімпаздары болып саналады.
  3. Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен марапатталады (1:2:3 қатынасында қатысушылар санының 50%-нан аспайды).

 

6. Қаржыландыру

  1. Байқауға қатысушылардың жол жүру, тұратын орын және тамақтану шығындары жіберуші тараптың есебінен төленеді.

If you found an error, highlight it and press Shift + Enter or click here to inform us.